2025 жылы 30 мамырда Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы “Ниет” жанар-жағармай құю бекетіндегі өрт пен жарылысқа қатысты жедел штабтың шұғыл отырысын өткізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта зардап шеккендер түрлі деңгейдегі күйік жарақатымен аудандық ауруханаға жеткізілді.

Аймақ басшысының тапсырмасымен Атырау қаласынан күйік орталығының мамандары медициналық көмек көрсетуге қосымша күш ретінде жіберілді. Облыс әкімі төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке оқиға орнындағы іс-шараларды толықтай үйлестіруді, өртті оқшаулау және салдарын мейлінше азайтуды, сондай-ақ өрт аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуді тапсырды.

Жедел штаб өз жұмысын ары қарай жалғастыруда.

Бұған дейін Құлсарыда жанар-жағармай құю бекетінде жарылыс болып, екі адамның көз жұмғаны, 14 адамның зардап шеккені хабарланған.