Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 30 мамырда Астанада өтіп жатқан "Орталық Азия-Италия" бірінші саммитінде Қазақстанның өздерінде қандай жоғары оқу орындарының ашылуын құптайтынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру мен мәдениет салаларындағы ықпалдастық жайында сөз қозғады

"Қазіргі уақытта Италияда төрт мыңға жуық қазақстандық студент білім алады. Біз жастарымыздың үздік университеттерде оқуына мүмкіндік жасағаны және грант пен шәкіртақы ұсынғаны үшін Италия Үкіметіне алғыс айтамыз. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Италияның техникалық жоғары оқу орындарын Қазақстанда филиалдарын ашуға шақырамын. Біз қазір инженерлік-техникалық білімге ерекше мән береміз", – деді Мемлекет басшысы.

Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту мақсатында 2026 жылы «Орталық Азия мен Италияның мәдениет жылы» тақырыбы аясында бірлескен іс-шаралар легін өткізуді ұсынды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жиында айтылған ұсыныстардың барлығы отырыс қорытындысы бойынша қабылданатын Бірлескен декларацияда көрініс табатынын жеткізді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Италияға геологиялық барлау мен сирек кездесетін металдар өндіруде ынтымақтастық орнатуды ұсынған болатын.