Ақмола облысының ТЖМ құтқарушыларына Көкшетау қаласындағы кафелердің бірінде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, қызыл жалынға желдету жүйесіндегі ақау себеп болған, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқиға орнына жоғары дәрежелі шақырту бойынша күштер мен құралдар жіберілді.
Оқиға орнына жеткенде 9 қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеті бойындағы желдету жүйесінде өрт шыққаны анықталды.
Өрт 20 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
Алдын ала себеп – желдету жүйесіндегі май қалдықтарының уақытылы тазаланбауы.
Бұған дейін Ақтаулық құтқарушылардың жанып жатқан үйден 14 адамды эвакуациялағанын жазғанбыз.