Тәртіп бұзғандарға 255 мың доллар айыппұл не 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


Қазақстанның сыртқы істер министрлігі 30 сәуірден бастап Қытай Халық Республикасының Гонконг арнайы әкімшілік ауданында баламалы темекі өнімдеріне толық тыйым салу туралы заң күшіне енгенін хабарлап, Гонконгқа баратын қазақстандықтарға ескерту жасады.

"Тыйым электрондық темекілерге (вейптер), темекіні қыздыру жүйелеріне (IQOS, glo және аналогтары), сондай-ақ сұйықтықтарға, стиктерге және шөптен жасалған темекілерге қолданылады. Заңнамаға сәйкес аталған өнімдерді әкелуге (соның ішінде багажда, пошта жөнелтілімдерінде және жүк арқылы), сақтауға, пайдалануға, өзімен бірге алып жүруге, сондай-ақ өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады", – делінген хабарламада.

Ресми ақпаратқа сәйкес, ерекше жағдай ретінде иммиграциялық бақылаудан өтпейтін транзитке рұқсат етіледі.

"Аталған заңды бұзғаны үшін 2 000 000 гонконг долларына дейін (шамамен 255 000 АҚШ доллары) айыппұл және 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал көрсетілген өнімдерді беру, соның ішінде сыйға тарту үшін 50 000 гонконг долларына дейін (шамамен 6 400 АҚШ доллары) айыппұл және 6 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сонымен қатар, сот тергеу барысында мемлекет тарапынан жұмсалған шығындарды өтеуді міндеттеуі мүмкін. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі азаматтарға Гонконг заңнамасының талаптарын қатаң сақтауды және аталған өнімдерді әкелуден әрі пайдаланудан бас тартуды ұсынады", – делінген СІМ хабарламасында.


Оқи отырыңыз:

  • Темекі мен есірткі саудасымен күрес: Айыппұл жүйесі мәселені шеше ме
  • Темекіден түтінсіз түріне ауысу адамның ауыз қуысына қалай әсер етеді