Алматы бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының филиалы неке мен ажырасуға қатысты ерекше статистикалық деректерді жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.
2026 жылдың басынан бері қалада шамамен 4600 неке тіркелген. Орта есеппен күніне 70-ке жуық неке қию рәсімі өткізіледі.
Некеге тұрушылардың орташа жасы:
- қалыңдықтар – 29 жас;
- күйеу жігіттер – 32 жас.
Биылғы деректер арасында назар аударарлық көрсеткіштер де бар.
Мәселен, некеге тұруға өтініш бергендердің ішінде ең егде жастағысы – 92 жастағы ер адам болған. Ал заңнама талаптарына сәйкес рұқсат алып, отбасын құрған ең жас жұп 16 жасында некесін тіркеген.
Өкінішке қарай, ажырасу деректері де бар: жыл басынан бері 934 жұп некені бұзу туралы өтініш берген.
Ажырасуға өтініш бергендердің орташа жасы:
- ер адамдар – 39 жас;
- әйелдер – 37 жас.
Сонымен қатар, осы кезеңде 409 жұп шетел азаматтарымен некеге тұрған.
Мамандар некеге тұру туралы өтінішті кемінде 15 күн бұрын беру қажет екенін еске салды.
Қызметті ХҚКО бөлімдерінде, eGov.kz порталы арқылы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы рәсімдеуге болады. Қажет болған жағдайда салтанатты неке қию рәсімін өткізу мүмкіндігі де қарастырылған.