Астана көшелерінің бірінен ер адамның денесі табылды. Елордалық полиция департаменті өкілдері оқиғаға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұған дейін Instagram желісіндегі problemy_astana парақшасында Астанада ер адам қаза тапты деген ақпарат шықты. Автор ер адам көктайғақ салдарынан асфальтқа құлап, көз жұмды деп ойлап қалған.

"Ер адам аяғы тайып кетіп, басын қатты соғып алған. Өкінішке қарай ол оқиға орнында көз жұмды", — делінген жазбада.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне желіде тараған ақпаратты растамады.

"Ер адамның мұзға тайып құлап, көз жұмғаны туралы ақпарат жалған. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы А 108 көшесіндегі 20-үйдің жанындағы автобус аялдамасында ес-түссіз жатқан ер адам табылғанын мәлімдейді. Жедел жәрдем бригадасы оның биологиялық өлім екенін анықтады", — деп хабарлады басқарма өкілдері.

Марқұмның денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылды.

Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды.

Полицияның мәліметінше, көз жұмған адамның жасы 66-да.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз