Қазіргі таңда жоғары білім беру саласында интернационализация үдерісі бүкіл әлемде қарқын алып келеді. Яғни студенттер басқа елдерге барып оқуды жиі таңдайтын болған. Мамандардың дерегінше, 2022 жылы басқа мемлекеттерде оқуға кеткен студенттер саны 69 миллион адамды құраған. 2030 жылға қарай шетелде білім алатын студенттер саны одан да көбейеді, деп жазады Egemen.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде де білімді интернационализациялау саясаты іске асып жатыр. Бүгінде Қазақстанда 40 шетелдік жоғары оқу орнымен әріптестік орнатылған, оның ішінде 33 шетелдік университеттің филиалы жұмыс істейді. Бұл филиалдар еліміздің әртүрлі өңірінде орналасқан. Әрбір филиал аймақтың ерекшелігі мен экономикасының сұранысына сай ашылған. Сондықтан олардың білім беру бағдарламалары бір-бірін қайталамайды.
«Қазақстанға шетелдік студенттердің қызығушылығы артып келеді. Биыл елімізге 35 мыңнан астам шетелдік студент келіп, бұл көрсеткіш ең жоғары деңгейге жетті. Сонымен қатар, бұрын негізінен ТМД елдерінен келген студенттер басым болса, қазір Азия елдерінен келетін студенттер саны артты», дейді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова.
Айта кетейік, жыл басынан бері студенттерді жатақханамен қамту мақсатында 8 757 орындық 26 жатақхана пайдалануға берілген.