Бүгінде қоғамда жаңа жыл алдында "Құпия Санта" ойыны кеңінен танымал. Аталған ойынды ойнауға қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пікір білдірді, деп жазады CMN.kz.

"Біздің дінімізде де, дәстүрімізде де "Құпия Санта" деген ұғым жоқ. Сондықтан бөгде мәдени түсініктерді алу мен таңудан гөрі, ұлттық салт-дәстүрлерге және исламның адам жүректерін жақындататын асыл қағидаттарына негізделген құндылықтарды насихаттау әлдеқайда орынды", – деп атап өтті басқарма редакцияның сауалына берген жауабында.

Сондай-ақ ҚМДБ жаңа жылдың діни мереке емес екенін еске салды. Алайда егер оны тек жылдың басталуы ретінде қабылдап, бұл уақытты ізгі істерге, өзара дұға-тілектерге және адамдарға ақжарма тілектер арнауға арнаса, онда мұнда айыптарлық ештеңе жоқ.

"Ал егер мерекелеу ішімдік ішу, ерлер мен әйелдердің еркін араласуы және шариғатта тыйым салынған өзге де әрекеттермен қатар жүрсе, бұл жол берілмейді", – деп ескертті ҚМДБ.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз