2025 жылғы 29 мамырда ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында ҚР Көлік министрлігінің өкілі Жәнібек Тайжанов жаз мезгіліне 12 қосымша теміржол бағыты іске қосылатынын айтты. Олардың 9-ы Алакөлге, ал қалған үшеуі Астанадан Алматыға, Шымкентке бағытталады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оның айтуынша, бұл шаралар жазғы маусымда пойыздарда қосымша 300 мың орын ашуға мүмкіндік береді. Жолаушылар ағынының артуына байланысты пойыз құрамдарына қосымша вагондар тіркеу арқылы олардың ұзындығы кезең-кезеңімен ұлғайтылады.
"Бұл шараның арқасында жаз мезгілінде қосымша шамамен 1 миллион орын ұсынылады деп отырмыз", – деді Жәнібек Тайжанов.
Министрлік өкілі күндізгі уақытта санитарлық тораптарды әр сағат сайын, ал түнгі уақытта екі сағат сайын жуу және тазалау қамтамасыз етілетінін, сондай-ақ вагон іші тәулігіне кемінде 3 рет тазаланатынын атап өтті.
"Жазғы кезеңде Көлік министрлігі ұлттық және жеке тасымалдаушылардың жұмысын ай сайын тексеріп отырады", – деді ол.
Бұдан бөлек, 29 мамырдан 7 маусымға дейін Қытайдағы Қазақстан туризм жылы аясында Сиань – Алматы бағыты бойынша жолаушылар пойызы жолға шықты. Сонымен қатар Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқан – Бұхара бағытында Jibek joly және Keruen Express туристік пойыздары да қатынауда.
"2024 жылдың қарашасынан бері бұл пойыздар 5 сапар жасады. Туристік агенттіктерден өтінімдер түскен жағдайда, пойыздар қатынауын жалғастырады", – деп түсіндірді Тайжанов.
Ішкі бағыттар бойынша 1 наурыздан бастап Балқаш – Алматы пойызы тұрақты негізде жүріп жатыр. Қаңтар айында жаңа вагондардан құралған Астана – Бурабай курорты бағытындағы жолаушылар электропойызы іске қосылды. Жол жүру уақыты – 2,5 сағат. Маусым айында Қарағанды – Астана бағытында осындай жаңа электропойыз жолға шықпақ. Ал үшінші қосымша электропойыз Астана – Бурабай курорты бағыты бойынша қыркүйекте қатынай бастайды.