Қазақстанда қосылған құн салығы бойынша 300.00 декларациясын алдын ала толтыруға арналған сервис пилоттық режимде іске қосылады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
МКК-ның мәліметінше, жаңа сервис салық төлеушілерге ҚҚС декларациясын толтыруды жеңілдетуге, есептелген салық сомаларын алдын ала көруге және қателерді азайтуға мүмкіндік береді. Бұл камералдық бақылау хабарламалары мен айыппұл санкцияларының туындау тәуекелін төмендетуге бағытталған.
Декларацияны алдын ала толтыру мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінде бар мәліметтер негізінде жүзеге асырылады, оның ішінде электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесі, салық төлеушілердің жеке шоттары және тауарларға арналған декларациялар қамтылады. Бұл есептік көрсеткіштерді автоматты түрде қалыптастыруға және адам факторының ықпалын азайтуға мүмкіндік береді.
Сервис аясында декларацияның 13 жолы автоматты түрде толтырылады, оларды қажет болған жағдайда пайдаланушы ұлғайту немесе азайту жағына қарай өз бетінше түзете алады.
ҚҚС бойынша декларацияны алдын ала толтыру сервисі 300.00 нысанын 2025 жылғы 4 тоқсан үшін тапсыру кезінде қолжетімді болады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз