Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Отырыста 2026 жылы "Болашақ" бағдарламасы аясында кәсіби тағылымдамадан өтушілер үшін "Жасанды интеллект жүйесін пайдаланушылар" деген жаңа санат бекітілді.
"Экономиканың түрлі саласын жаппай цифрландыру бағдары жасанды интеллект құзыреттерін дамытуды талап етеді. Бұл ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін нығайтудың әрі цифрлық трансформация жағдайында негізгі салаларды дамытудың маңызды шарты саналады", — делінген хабарламада.
Сондай-ақ жиында 2026 жылдан бастап магистратура, докторантура, тағылымдама бойынша атом энергетикасы саласындағы мамандарды даярлауға бағытталған арнайы санатты енгізу туралы шешім қабылданды. Жыл сайын бұл бағытқа 20 квота бөлінеді. Мұндай қадам отандық атом өнеркәсібіне қажетті жергілікті білікті кадрларды уақтылы даярлауға мүмкіндік береді.
Жалпы, жаратылыстану-техникалық бағыт бойынша тағайындалған "Болашақ" стипендияларының үлесі 2022 жылғы 59,2 пайыздан 2025 жылы 70 пайызға дейін өскен. Инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша ғылыми тағылымдамаларға берілген стипендиялар үлесі 2022 жылғы 46 пайыздан 72,4 пайызға дейін артқан.
Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин "Болашақ" халықаралық стипендиясын одан әрі іске асыру және жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз