Қаржылық мониторинг агенттігі көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және мүгедектігі бар адамдарға арналған пәтерлерді заңсыз иемдену фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚМА мәліметінше, 2014–2016 жылдары А. Байжұманов "Төленді" тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқара отырып, пайшылардың ақшалай қаражатын жымқырудың ауқымды схемасын ұйымдастырғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған.

Кейін тұрғын үйлердің құрылысы Астана қаласының әкімдігі тарапынан аяқталған, ондағы пәтерлердің бір бөлігі әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған.

ҚМА мәліметінше, Бостандыққа шыққаннан кейін А. Байжұманов жаңа схема әзірлеген. Бұл схема "өткен күнмен рәсімделген" жалған құжаттарды пайдалану арқылы пәтерлерді заңсыз иемденуге бағытталған.

"Нәтижесінде 80-нен астам "жалған үлескер" жәбірленуші деп танылып, уәкілетті ұйымнан 170 жылжымайтын мүлік нысанын заңсыз иелену құқығын алған. Пәтерлерді өтеусіз алғаннан кейін Байжұманов пен оның сыбайластары оларды үшінші тұлғаларға сатуды жоспарлаған. Осылайша жалпы құны 2,3 млрд теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді", — делінген хабарламада.

Күдіктілерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз