Алматы – Өскемен автожолында автобус пен жүк көлігі соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан автобус жүргізушісі қаза тапты, сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Абай облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

ПД мәліметінше, 23 желтоқсанда шамамен сағат 08:20-да Алматы – Өскемен автожолының 681-шақырымында жол-көлік оқиғасы болды: Yutong маркалы автобус пен КамАЗ-5320 жүк көлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан автобус жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Үш адам медициналық мекемеге жүгініп, тексеруден кейін үйіне жіберілді.

"Аталған дерек бойынша жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті тергеу әрекеттері мен сот сараптамалары тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады", — делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеудің өзге деректері жария етілмейді.

️Абай облысы полиция департаменті жүргізушілерге белгіленген жылдамдық режимін және қауіпсіз арақашықтықты сақтауды, қарсы бағытқа шықпауды, көлік құралын тек демалып алған жағдайда ғана басқаруды ескертеді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз