Қостанай облысында биыл тамызда ұсталған Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы, аудандық аурухананың бас дәрігері және коммерциялық кәсіпорынның директорына қатысты істің мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Қостанай облысының прокуратурасы облыстың өзге құқық қорғау және уәкілетті органдарымен бірлесіп медициналық құрылғыларды сатып алу саласындағы сыбайлас-жемқорлық схемасын анықтағанын мәлім етті.
Прокуратура медициналық ұйымдардың қажеттілігі төмен құрылғыларды қымбат бағаға сатып алу фактілері әшкереленгенін жеткізді.
"Келтірілген шығынның сомасы 2 млрд теңгеден асты. Аталған фактілер бойынша Қостанай облысы прокуратура органдары қылмыстық істерді тіркеді.
Тергеу шеңберінде "Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы мен қызмет атқарып жатқан орынбасары, аудан ауруханасының бас дәрігері және құрылғыларды ұсынған өнім беруші ұсталды", — делінген ресми хабарламада.
Тергеу жалғасады. Өзге мәлеметтер Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланған жоқ.
Еске сала кетейік, күдіктілер биыл 25 тамызда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қылмыстық-құқықтық саясат жөніндегі қызметі мен Қостанай облысы прокуратурасының бірлескен жедел-тергеу тобы жүргізген жедел іс-шаралар мен прокурорлық тексерудің нәтижесінде ұсталған еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз