Қарағандыда алғаш рет есту қабілеті бұзылған 14 жастағы балаға кохлеарлық имплантация жасалды. Бұған дейін мұндай күрделі операция тек Астана мен Алматы қалаларындағы республикалық клиникаларда ғана жасалып келген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ота кезінде облыстық көпбейінді балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері елордадан келген жетекші мамандардың бақылауымен жұмыс істеді. Аурухана директоры Арғын Бидайбаевтың айтуынша, өңірде осындай күрделі оталарды жасауға заманауи медициналық инфрақұрылымның қалыптасуы және кадрларды жүйелі даярлау мүмкіндік берген.
"ЛОР-бөлімшенің меңгерушісі мен сурдолог-дәрігер Санкт-Петербург пен Мәскеуде арнайы даярлықтан өтті, сондай-ақ Израильдің Хайфа қаласында қосымша практикалық тәжірибе жинақтады. Операцияны жүргізу үшін аурухана имплантат орнатуға арналған арнайы құрылғы мен жоғары дәлдіктегі хирургиялық микроскоп сатып алды, бұл ота барысында нақты визуализацияны қамтамасыз етеді", — деді Арғын Бидайбаев.
Кохлеарлық имплантация есту қабілеті нашар балаларға, соның ішінде туа біткен немесе жүре пайда болған толық саңыраулық кезінде есту аппараттары тиімсіз болған жағдайда жасалады. Имплантат ішкі құлаққа орналастырылып, электродтар арқылы есту жүйкесін тікелей ынталандырады. Ал дыбыстық процессор құлақтың арт жағына бекітіліп, іске қосылғаннан кейін дыбысты қабылдауды қамтамасыз етеді.
"Ота сәтті өтті. Алғашқы қалпына келу кезеңі шамамен 10 күнге созылады, ал есту мен сөйлеу дағдыларының бейімделуі бір айға дейін уақыт алады", — деді ЛОР-бөлімшенің меңгерушісі Есімхан Нұржанов.
Айтуынша, операциядан кейін бала қоршаған ортаның дыбыстарын естіп, құрдастарымен еркін қарым-қатынас жасап, жалпы білім беретін мектепте білім ала алады. 2026 жылға Қарағанды облысында осындай тағы он жоғары технологиялы операция жүргізу жоспарланған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз