Астанадағы барлық автотұрақ кеңістігі коммуналдық қызметтердің меншігіне өтті. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек ОКҚ алаңында өткен брифингте айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы көлік жүйесінің дамуы туралы айта келе, мемлекеттік органдар мен бірқатар ұлттық компаниялардың жаңа жұмыс кестесі қаладағы негізгі магистральдарға түсетін жүктемеге қалай әсер еткенін айтты. Оның сөзінше, таңғы қарбалас уақытта – сағат 8, 9 және 10 аралығында негізгі көшелердегі автокөлік саны 10-15 пайызға азайған. Ал магистральдардағы жүктеме 5-10 пайызға төмендеген.

Мәселен қыркүйектің басында таңғы қарбалас уақытта Мәңгілік Ел даңғылымен 4 152 автокөлік өтсе, жұмыс кестесі өзгергеннен кейін өткізу қабілеті 4 420 көлікке дейін артқан. Бұл шамамен 8-9 пайызды құрайды. Осындай оң динамика басқа да негізгі көшелерде байқалады.

Сонымен қатар, бір жыл ішінде қоғамдық көлікпен қатынау үлесі 43 пайызға артқан, ал тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 37 пайызға ұлғайды. LRT жүйесі қазіргі уақытта сынақтан өткізілуде. Ол жақында аяқталады.

"Көлік жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасында автотұрақ саясаты да қарастырылған. Өткен аптада барлық автотұрақ учаскелері мен автотұрақ кеңістігін қала меншігіне өтеусіз беру туралы келісімге қол қойылды. Яғни осы аптадан бастап қаланың барлық автотұрақ кеңістігі жеке қолда емес, коммуналдық қызметтердің иелігінде", — деді Жеңіс Қасымбек ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз