Жапонияда ресми сапармен жүрген мемлекет басшысы бүгін Токио губернаторымен кездесу өткізді. Кездесуде Юрико Коикэ қазақ тілінде амандасып, құрмет көрсетті, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Токио губернаторы Юрико Коикэ президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Қош келдіңіз!" деп қазақ тілінде жылы шырай танытып, әрі қарай ағылшынша сөйледі.

"Президент мырза, қош келдіңіз! Бір жыл бұрын Астанадағы кездесуімізден кейін сізді қайта көргеніме қуаныштымын", — деді ол.

Президенттің баспасөз қызметі кездесуден үзінді жариялады.

Айта кетейік, кездесу барысында тараптар цифрландыру, Smart city технологияларын және қаланы орнықты дамыту, жасанды интеллект, шаһарды басқару ісіне инновациялық шешімдерді енгізу салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар мегаполистердің тұрғындары мен қонақтары үшін анағұрлым жайлы, экологиялық тұрғыдан таза, қауіпсіз және инклюзивті орта қалыптастыру жайын қарастырды.

Кездесу соңында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен Токио губернаторы Юрико Коикэ Қазақстан және Жапония астаналары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз