Талдықорғанда күйеуінің қолынан қаза тапты делінген 32 жастағы Айзат Жұманованың қазасына қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұған дейін мәлімдегеніміздей, сот процесіне тәуелсіз сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров шақырылып, жаңа мәліметтерді жария етті. Бұған дейін Салтанат Нүкенова мен Шерзат Болаттың өліміне қатысты резонанс тудырған істер бойынша сотта пікір білдірген танымал маман марқұм Айзат Жұманованың мәйіті қайта қазылып алынғаннан кейін жүргізілген комиссиялық сараптаманың құрамында болған.

Оның айтуынша, сараптама мәйітті қайта қазып алу арқылы жүргізілген. Зерттеу барысында бастапқы тексеруде тіркелген барлық жарақат пен кейін анықталған қосымша зақымдар толықтай қайта қаралған. Сараптама нәтижесі бойынша, денедегі жарақаттардың барлығы тірі кезінде салынғаны белгілі болған. Ал қол-аяқтағы сүйретілу белгілері марқұм қайтыс болғаннан кейін пайда болған.

Марқұмның бұғанаға жақын орналасқан бірінші қабырғасы сынғаны анықталған. Мұндай жарақатты денені алғаш тексеру кезінде байқау оңай емес. Соққы өте қатты болған әрі сырт жақтан тиген, сыну сызығы ішке қарай кеткен. Бұл зақымның нақты неден пайда болғанын дәл айту қиын. Денеде жарақаттар көп, беті мен денесінің әр тұсында көгерген іздер бар. Сондай-ақ шүйде сүйектері сынып, жарақат бас сүйегінің негізіне дейін өткен. Осындай зақымдардың жиынтығы ауыр бас-ми жарақатына әкеліп, өлімге себеп болған, деп түсіндірді Тахир Халимназаров.

Сарапшы өлімнің нақты себебі ретінде бас миының ауыр жарақатын атады. Оның сөзінше, бұл жарақат бет тұсына бірнеше рет соққы жасалып, соның салдарынан бас сүйегінің сынуына байланысты. Мұндай зақымдар жұдырықпен де, аяқпен де соққы беру салдарынан туындауы мүмкін.

Қойылған сұрақтарға жауап бере отырып, сарапшы жарақаттардың барлығы өте қысқа уақыт аралығында салынғанын айтты. Сондай-ақ Тахир Халимназаров Айзат Жұманованың жүкті болғаны жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды.

Еске салайық, Жетісу облысының Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында маусым айында 32 жастағы Айзат Жұманова кісі қолынан қаза тапты. Марқұмның жақындары оның күйеуі тарабынан азаптауға ұшырағанын, кейін ер адам Айзатты аттың еріне байлап, далада сүйреткенін алға тартып отыр.

Марқұмның туыстары денесіндегі жарақаттардың сипаты ұзақ уақытқа созылған және аса қатал зорлық-зомбылықты меңзейтінін айтады. Медициналық қорытындыға сәйкес, Айзат Жұмановада ауыр бас-ми жарақаты, бас сүйегінің негізі, жамбас және аяқ-қол сүйектерінің сынуы, сондай-ақ көптеген сыдырылған жарақат анықталған.

Марқұм 22 маусым түнгі сағат 02:30-да Талдықорғандағы облыстық ауруханаға жеткізілген, алайда жарты сағаттан соң дәрігерлер оның көз жұмғанын тіркеген. Дегенмен туыстары Айзаттың медициналық мекемеге жеткізілгенге дейін қайтыс болғанына сенімді. Сондай-ақ олар марқұмның киімі ауыстырылғанын айтады: үстіндегі киімінде қан да, зорлық белгілері де болмаған. Жақындары мұны қылмыстың ізін жасыру әрекеті деп бағалап отыр.Марқұмның туыстары қылмысты "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру" бабы бойынша қайта саралауды талап етіп отыр.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз