Алматыда жұқпалы респираторлық вирустық инфекция өршіп тұр. Эпидемиологтардың мәліметінше, қалада осы аптада ЖРВИ-дің 14 мың 720 жағдайы тіркеліпті. Ал өткен жұмада науқастар қатары 740-қа кем еді. Сырқаттанғандардың жартысынан көбі – балалар. Оқушыларды қашықтан оқуға көшіру жоспарда бар ма? Осы және өзге сұрақтарға "Алматы" телеарнасының студия қонағы Алматы қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды бақылау бөлімінің басшысы Алмаш Ахметова жауап берді.
"Оқушыларды қашықтан оқытуға қазіргі уақытта көрсеткіш жоқ. Қашықтан оқытуға ауысуды білім беру басқармалары мен мектеп басшылары шешетін болады. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, егер де көрсеткіштің деңгейі 30 пайыз және одан асқан кезде ғана оқушыларды қашықтан оқуға жібереді", — дейді Алмаш Ахметова.
Маман қалада эпидахуалды тұрақты деңгейде ұстап тұру үшін қандай амал-шаралар жүргізіліп жатқанына тоқталды.
"Эпидемиологиялық маусымның алдында Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп бұйрық шығарылды. Бұйрыққа сәйкес, барлық медицина ұйымы қызметкерлері семинар дайындықтарынан өтті. Төсек орын, дәрі-дәрмек, залалсыздандыру препараттары, бір рет қолданылатын маскалар дайындалды.
Биыл эпидмаусым алдында жергілікті бюджет қаражатына тәуекел тобындағы тұрғындарды тұмауға қарсы егу үшін 250 мың доза көлемінде 3 валентті "Гриппо+" вакцинасы сатып алынды. Қыркүйектен бастап тұмауға қарсы егу жұмыстары басталып, 13 қарашада аяқталды. Қала бойынша тәуекел тобындағы 250 мың тұрғынға егілді. Бұдан бөлек, 4115 тұрғын өз қаражатына және жұмыс берушілер қаражатына ақылы түрде жеке медицина орталықтарында екпе алды. Қала тұрғындарының 10,8 пайызы тұмауға қарсы екпемен қамтылды", — дейді ол.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз