Еліміз шағын бизнес иелерін қолдайтын тағы бір құжатты жарыққа шығармақ. Бұл туралы желтоқсан айының басында Мемлекет басшысы арнайы тапсырма берген. Тіпті бірыңғай құжатты бірінші кезекте қабылдауды шегелеп айтқан-тын. Осыдан кейін-ақ іске кіріскен Үкімет «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын бекіту туралы» қаулының жобасын әзірледі.
«Іскер аймақ» жобасы шағын кәсіпкерлік саласын қолдайтын басты құжат болғалы тұр. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, қаулы жобасында кәсіпкерлерге қаржылай көмек несиелерін беруден бастап, инфрақұрылымды дамыту, бизнес өкілдерін оқыту, олардың жобаларын қолдауға дейінгі барлық іс-шара қамтылған.
Құжатта шағын бизнес субъектілеріне қаржылай көмек пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау және қарыздарға кепілдік беру арқылы берілетіні айтылған. Бұл шаралар қарыз қаражаттарының құнын төмендетуге, несие ресурстарына жеңіл қол жеткізуге мүмкіндік бермек.
Бағдарлама іске қосылса, шағын кәсіп иелері инфрақұрылым мәселесін де оңай шешіп, қажетті үй-жайлары мен жер учаскелерін алу жағынан мемлекеттің қолдауына арқа сүйей алады. «Жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен» ҰКП өңірлік мамандануды ескере отырып, қызмет түрлерін айқындайды, кәсіпкерлердің өтінімдерін қарайды әрі бекітеді, нәтижелерге мониторинг жүргізе отырып, инфрақұрылымдық қолдау көрсетеді», делінген министрліктің бізге берген ақпаратында.
Жобада кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ортақ жауапкершілікке тартылатын өңірлерге басымдық беріледі. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар өздерінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін, өзекті қажеттіліктерді ескере отырып, керекті тауарлардың тізбесін жасауға тиіс.
Бағдарламада өңірлік экономиканың ерекшелігін ескеретін кредиттік лимиттердің екі деңгейлі жүйесі де қарастырылған.
Бірінші деңгей өңірлік мамандануға сәйкес келетін, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобаларды қамтиды, яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, азық-түлік шағын өндірістері, наубайханалар, ағаш өңдеу және ауыл, аудан орталықтарындағы қолөнер жобаларына ерекше көңіл бөлініп, бұл салаларға субсидиялар бюджетінің 70%-на дейін бөлінеді.
Екінші деңгей тұрақты өндірістік базаны қалыптастыруға, жұмыспен қамтуды кеңейтуге, өңірлерде ұзақмерзімді экономикалық тиімділікті құруға арналған. Бұл деңгейдегі жобаларға тамақ өндірісі, жиһаз цехтары және құрылыс материалдарын өндіру жатады, оған субсидиялар бюджетінің 30%-на дейін бөлу көзделген.
«Абай, Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарындағы өнеркәсіптік жобаларға ерекше назар аударылды. Бағдарлама барлық ауылдық аймақты қамтиды, ондағы шағын және орта бизнес жобаларын қолдайды», дейді министрлік өкілдері.
Бағдарламаны әзірлеушілер «Іскер аймақ» бүкіл елдегі шағын бизнесті дамытудың жаңа бірыңғай тәсілі болатынына сенімді. Жобада әсіресе, ауылдық жердегі шағын кәсіп иелерін қолдауға басымдық беріледі. Министрліктің хабарлауынша, бағдарламаны қабылдау – ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы бизнесті ауқымды дамытудың маңызды қадамы.
«Іскер аймақ» іске кіріссе, былғары, сүт, қолөнер мен басқа да басым салалардың дамуына назар аударылып, шикізатты жергілікті өндіру әрі қайта өңдеуді ынталандыруға мүмкіндік беріледі.