Облыстық мемлекеттік архивіне Қазақстанның Құрметті журналисі, қаламгер Сұлтан Кемелбаевтың жеке құжаттары тапсырылды. Салтанатты іс-шараға қаламгердің ағайын-туысы, әріптестері, облыстық мәдениет және құжаттама архивтер басқармасы мен архив қызметкерлері қатысты.


Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы салтанатты іс-шараға келіп, құт­тықтау сөзін айтты.

– Бұл іс-шара тек бір адамның ғұмырын ұлықтау емес, сол тұлғаның қаламына арқау болған тұтас өңірдің тарихына тағзым ету. Өткенді ұлықтап, келешекке ізгілікпен қадам басу – жақсылықтың нышаны. Сұлтан Кемелбаевтың өмірлік жолы – мамандығына адалдық пен кәсібиліктің озық үлгісі. Ол журналистикадағы еңбегімен, елге деген махаббатымен жас ұрпақтың жадында сақталмақ, – деді Ғалымжан Өтелбайұлы.

Соңынан өшпес із қалдырған қаламгердің жеке мұрағатындағы құжаттарды облыстық мемлекет­тік архивке отбасы тапсырды. Жалпы 30-ға жуық құжат. Қызы Сәуле Кемелбаева бұл қадамды әке­лерінің елге еткен еңбегі ел жадында сақталуы үшін аса маңызды деп отыр.

– Әкеміздің жеке құжат­та­рын түгел тапсырдық. Өмір­бая­ны, шығармашылық жолы, әкімшілік жұмыстағы құжат­тары, барлығы дерлік архивке табысталды. Әкем өзінің сана­лы ғұмырын, күш-қайратын облыс­тың өркендеуіне арнады. Журналистика саласында тер төк­ті. Өңірдің барлық жетістігін, мәселелерін, күнделікті өмірін қа­ламына арқау етті. Өзі ұзақ жыл қызмет атқарған облыстық «Индустриальная Караганда» газеті де маңызды құжаттарын табыс етті. Мақалалар, очерктер енді жас ұрпақтың игілігіне жарайды деп ойлаймыз, – деді Сәуле Кемелбаева.

Сұлтан Кемелбаев облыстық «Индустриальная Караганда» газетінде 13 жыл бас редактор қызметін абыроймен атқарды. 1946 жылы 6 қыркүйекте Балқаш қаласында туған. Еңбек жолын Балқаштағы кен орындарының бірінде электрик болып бастаған. Лениниградтағы мемлекеттік университеттің журналистика кафедрасын тәмамдаған талапты журналист «Индустриальная Караганда» газетіне 1974 жылы тілші болып қызметке орна­ласқан. Алматыдғы жоғары пар­тиялық мектептің де түлегі. «Труд», «Рабочая трибуна», «На гора» газеттерінде де қызмет атқарған. «Вечерняя Караганда» газетінің бас редакторы да болған. 1993–2006 жылдар аралығында «Индустриальная Караганда» газетінің ұжымын басқарды. 2006 жылы «Шахтерская неделя» газетін де тізгіндеді.

Ардагер журналист, Сұлтан Ке­мелбаевтың қаламгер досы Аман Жан­ғожин архивке тап­сырылған құжаттар студенттердің дипломдық жұмысына арқау болатынын айтты.

– Сұлтан Кемелбаев – өте білімді, биік тұлғалы, еңбекқор азамат еді, кез келген тақырыпты жазатын өрелі журналист еді. Мұндай тұлғаның мұралары келешекте зерттелуге тиіс. Әсіре­се болашақ журналистер оның еңбектерін дипломдық жұмыс­тарына арқау етіп, үлгі алуы маңызды, – деді Аман Жанғожин.

Сұлтан Кемелбаевтың жеке мұрағат құжаттарының облыстық архивке тапсырылуы – тұлғаның жарқын бейнесін құрметтеудің ғана емес, өңір тарихын байыта түсудің маңызды қадамы. Қаламгердің өмір жолы, журналистік еңбегі мен қоғамдық қызметі болашақ ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Архивке тапсырылған құжаттар жас зерттеушілер мен журналистика саласының мамандарына тәлімдік материал болумен қатар, өңірдің рухани қазынасын толықтыра түспек. Сұлтан Кемелбаевтың қалдырған мұрасы – оның елге деген адалдығы мен кәсіби биігінің мәңгілік дәлелі.

Қарағанды облысы