Шымкент қаласында биыл 1 жүрек, 17 бүйрек трансплантациясы және 1 140 жоғары технологиялық медициналық көмек отасы жасалған. Одан бөлек қалалық онкологиялық орталықта алғаш рет "Кеңірдек бифуркациясын резекциялау" отасы сәтті жүргізілген. Қаланың денсаулық сақтау саласындағы бір жылдағы жетістіктері туралы өңірлік баспасөз қызметі хабарлады.
Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша қалада 16 626 медицина маманы, оның ішінде 5 289 дәрігер және 11 337 орта буынды маман тұрғындар мен қонақтарға қызмет көрсетіп отыр. Қала халқының саны жыл басынан бері 1,9%-ға өсіп, 1,27 млн-нан асқан.
"Дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші республикалық деңгейден сәл жоғары – 41,6, ал орта буынды қызметкерлер бойынша 89,1 көрсеткішін құрап отыр. Қалада 59 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымы жұмыс істейді, оның жартысынан көбі жекеменшік. Тәуліктік стационарлық көмек көрсететін 47 медициналық мекеме 4 870 төсек қорымен қамтамасыз етілген. Күндізгі стационарлық көмек көрсететін мекемелер саны – 137, төсек қоры – 2 505", — делінген әкімдік хабарламасында.
2025 жылы медицина саласында бірқатар ірі оқиғалар мен жаңалықтар болған. Жергілікті бюджет есебінен 54 дәрігер шетелде біліктілігін арттырған, 250 маман менторлық жолмен шеберлік сыныптарынан өткен.
"Қалада балалар кардиохирургиясы, неонаталды хирургия, бір күндік клиника сияқты жаңа бөлімшелер ашылды. Биыл 1 жүрек, 17 бүйрек трансплантациясы және 1 140 жоғары технологиялық медициналық көмек отасы жасалды.
Шымкент қаласы онкологиялық орталығында алғаш рет "Кеңірдек бифуркациясын резекциялау" отасы сәтті жүргізілді. Сондай-ақ "Шымкент жүрек орталығы" базасында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының перспективалы кардиологиялық зерттеу орталығы ашылды. Қалалық денсаулық сақтау ұйымдарына материалдық-техникалық жабдықтар деңгейі 79%-дан 90%-ға артты, жедел жәрдем қызметі жаңартылған автокөліктермен күшейтілді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі де жетілдірілді. Қалада бірыңғай дистрибьютор "СҚ-Фармация" арқылы 89 медициналық ұйым дәрілік заттармен қамтамасыз етілуде", — дейді Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің өкілдері.
Амбулаториялық деңгейде 476 атау бойынша 15,9 млрд теңгеге, ал стационарлық деңгейде 1 010 атау бойынша 18,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмек жеткізілген. "Әлеуметтік әмиян" жобасы аясында рецепттердің 92,5%-ы қамтамасыз етіліп, орфандық ауруы бар науқастарға дәрілік заттар толық берілген. Қаладағы денсаулық сақтау жүйесіндегі барлық өзгерістер – сапалы медициналық көмек көрсету, жаңа технологияларды енгізу және кадрлық әлеуетті арттыруға бағытталған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз