Павлодар қаласының Оңтүстік полиция бөлімінің жедел қызметкерлері көшпелі саудаға арналған автокөліктен азық-түлік ұрлады деген күдікпен ер адамды ұстады, деп хабарлайды Zakon.kz.


Тергеу барысында анықталғандай, күдікті таңертеңгі уақытта автокөлік иесінің болмауын пайдаланып, сауда көлігіне заңсыз кіріп, азық-түлік өнімдерін қолды еткен.

"Оқиға орнын қарау кезінде полиция қызметкерлері құқыққа қарсы әрекет тіркелген бейнежазбаны тәркіледі. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, ұсталды. Ол кінәсін мойындап, ұрланған заттар тәркіленді", — деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті.

Аталған дерек бойынша көлік құралына заңсыз кіру арқылы жасалған ауыр санаттағы меншік қылмысы ретінде қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция азаматтарды сақ болуға шақырып, мұндай құқық бұзушылықтардың ерекше бақылауда екенін ескертеді. Бөтен мүлікті заңсыз иеленуге барған тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады.