Тікелей эфирде журналистер сұрағына жауап берген Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы адамдар қазасына өзін жауапты санамайтынын айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ BILD басылымына сілтеме жасап.

АҚШ-тың NBC арнасында жұмыс істейтін тілші Кир Симмонс тікелей эфирде Владимир Путинге сұрақтар қояды. Нақтырақ айтсақ, ол Путиннен адамдардың әлі күнге дейін қаза болып жатқанына өзін жауапты санайтын-санамайтынын сұрайды. Сондай-ақ Кремль АҚШ әзірлеген бейбітшілік жоспарын қабылдауға қаншалықты дайын екенін білмек болады.

"Біз өзімізді адамдардың қазасына жауапты деп санамаймыз, себебі соғысты біз бастаған жоқпыз", — деп жауап берді Путин.

Ресей президентінің айтуынша, жауапкершілік жүгі "Мәскеуге емес, Украинаға, Еуропаға және Америка Құрама Штаттарына" артылуы керек. Путин сонымен қатар "бейбітшілік бастамаларынан ешқашан бас тартпағанын" мәлімдеді.

"Біз әлденеден бас тарттық деп айту қате әрі негізсіз. Доп толықтай қарсыластарымыздың, ең алдымен Киев режимінің көшбасшылары мен олардың батыстағы демеушілерінің алаңында", — деді ол.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз