Қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 22 желтоқсанда басталып, 30 желтоқсанға дейін жалғасады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі. Тестілеудің өзі 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді.
Өтініш беру барысында қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.
Министрлік 2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалатынын еске салды.
Талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120.
Оның ішінде "Қазақстан тарихы" пәні бойынша 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі.
ҰБТ бойынша ең жоғары балл да өзгермейді және 140 балды құрайды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз