Google өзінің ең озық жасанды интеллекті – Gemini моделіне қазақ тілін қосты.
Қазақ тілі Gemini 3 буынын іске қосу аясында қосылған 23 жаңа тілдің қатарына енді. Енді Қазақстандағы пайдаланушылар Gemini мүмкіндіктерін әлемдегі ең ірі тілдермен тең дәрежеде, өз ана тілінде қолдана алады.
Gemini-дің қазақ тіліндегі интерфейсі қазірдің өзінде веб-нұсқада қолжетімді. Ол үшін пайдаланушылар Google аккаунтының баптауларында қазақ тілін таңдауы қажет. Алдағы уақытта Android және iOS жүйелеріне арналған нұсқаларды қолдау, сондай-ақ Gemini Live сервисін іске қосу жоспарланып отыр. Gemini-дің қазақ тіліндегі нұсқасының іске қосылуы Google компаниясының Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған кең ауқымды жұмысының бір бөлігі. Бұл жұмыс кадрларды даярлауға инвестиция салуды, цифрлық дағдыларды дамытуды және әзірлеушілерді қолдауды қамтиды. Компанияның бағалауынша, жасанды интеллектіні мемлекеттік секторға енгізу экономикалық жағынан да тиімді. Себебі ол мемлекеттік басқару өнімділігінің артуы және бюджет жүйесінде тұрақтылықтың күшеюіне септігін тигізеді, әрі елдің экономикалық өсіміне қосымша үлес қосады.
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде жаһандық ЖИ шешімдерінің қазақ тілінде қолжетімді болуы цифрлық мемлекетті дамыту, азаматтар үшін технологиялардың қолжетімділігін арттыру және бәсекеге қабілетті AI-экожүйе қалыптастыру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.
Министрлік жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық өнімдерді локализациялау және жаңа буын мамандарын даярлау бағытында халықаралық технологиялық серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі жалғастырмақ.