Америка Құрама Штаттары грин-карта ұтыс ойыны бағдарламасын (Diversity Visa Lottery) уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы бүгін, 2025 жылғы 19 желтоқсанда, АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.


Грин-карта лотереясын тоқтату туралы шешім Браун университетінде болған атыс оқиғасынан кейін қабылданған. Тергеу барысында күдіктінің 2017 жылы АҚШ-қа жыл сайынғы грин-карта лотереясын ұтып алу арқылы келгені анықталған.

"Президент тапсырмасы бойынша мен АҚШ Азаматтық және иммиграция қызметіне (USCIS) DV1 бағдарламасын дереу тоқтатуды бұйырамын. Бұл апатты бағдарламаның салдарынан енді бірде-бір америкалық зардап шекпеуі тиіс", – деп жазды Кристи Ноэм X әлеуметтік желісінде.

Ол сондай-ақ 2017 жылы Дональд Трамп Нью-Йоркте болған терактіден кейін бұл бағдарламаны жабу үшін күрескенін еске салды. Сол кезде ИГИЛ террористі DV1 бағдарламасы арқылы елге кіріп, жүк көлігімен адамдарды қағып, сегіз адамды қазаға ұшыратқан.

Айта кетейік, 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Diversity Visa (Green Card) лотереясына тіркелу ақылы негізге ауысқан болатын. АҚШ Мемлекеттік департаменті жыл сайын өтетін, АҚШ-та тұруға рұқсат (грин-карта) ұтып алуға мүмкіндік беретін бағдарламаға қатысу үшін 1 АҚШ доллары көлемінде төлем енгізуді ұсынған.