Жамбыл облысында жыл басынан бері «Таза Бейсенбі» акциясына 700-ден аса адам қатысты, деп хабарлайды 24KZ. Олар қоғамдық жерлерді ретке келтіріп, 17 тонна қоқыс тазалаған. Экологиялық шара бүгін де жалғасты.

Іс-шараға «AMANAT» партиясының қызметкелері мен облыстық, қалалық мәслихат депутаттары қатысты. Бастауыш партия ұйымдарының мүшелері мен «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері де қалыс қалмады. 100-ден аса адам «Көктем» алқабын күл-қоқыстан тазартып, айналаны абаттандыруға атсалысты.

Жалпы Таза Бейсенбі акциясы аймақта өткен жылы басталған. Былтыр экошараға 10 мыңнан аса адам қатысып, 13 мың тонна қоқыс шығарылған еді.

Жәмилә Сарыбекова, «Алау» бастауыш партия ұйымының төрағасы:

- Бүгін «Алау» бастауыш партия ұйымының мүшелері де осы «Таза Бейсенбі» экологиялық акциясына өз үлесімізді қосып жатырмыз. Акция туған өлкемізді тазалықта ұстау, жалпы экологиялық мәдениетті өзіміздің, сонымен бірге жастардың арасында қалыптастыру мақсатында өткізіліп жатыр.