Nazarbayev University, New Uzbekistan University (Ташкент) және American University of Central Asia (Бішкек) өңірдегі экономикалық ғылымдардың танымалдығын арттырып, оның нақты ықпалын күшейту мақсатында ортақ платформа құру туралы келісімге келді. Осы бастама аясында Орталық Азия экономикалық қауымдастығы (Central Asian Economic Association, CAEA) құрылды.

Қауымдастық Орталық Азияда және одан тыс өңірлерде еңбек ететін барлық экономист-ғалымдарына арналған. Ұйымның алдағы дамуы мен кеңею бағыттары оның мүшелерінің белсенді қатысуымен айқындалады. CAEA академиялық орта, жеке сектор мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтып, экономика мен мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ашық диалог орнатуға бағытталған.

Чикаго университетінің Харрис мемлекеттік саясат мектебіндегі байлық теңсіздігі мен әлеуметтік мобильділік мәселелерін зерттейтін Stone Center орталығының директоры, Фрэнк П. Хиксон атындағы құрметті профессор Стивен Н. Дюрлауф: «Орталық Азия экономикалық қауымдастығының құрылуы – жаһандық экономикалық ғылым үшін маңызды жаңалық. Бұл ұйым жеткілікті деңгейде зерттелмеген, бірақ айрықша маңызы бар өңірдегі зерттеулердің дамуына серпін беріп, оның қатысушылары төңірегінде мықты академиялық қауымдастық қалыптастыруға ықпал етеді», – деп атап өтті.

Азия даму банкінің Орталық және Батыс Азия өңірлік департаментінің (CWRD) өңірлік ынтымақтастық пен интеграция мәселелері жөніндегі жетекшісі доктор Лязиза Сабирова: «Қауымдастық Орталық Азияға кең әрі тұтас көзқарас тұрғысынан қарауда өңірде қалыптасқан олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. Азия даму банкі CAEA-ның жаһандық, өңірлік және ұлттық деңгейдегі пәнаралық зерттеушілер мен сарапшылар желілеріне терең ықпалдасқан, ашық әрі кәсіби серіктестік ретіндегі көзқарасын толық қолдайды», – деді.

CAEA экономистер мен мүдделі тараптар арасындағы кәсіби диалогты дамыту үшін конференциялар, семинарлар мен воркшоптар өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар қауымдастық Орталық Азиядағы экономикалық зерттеулердің географиясы мен ықпалын кеңейту мақсатында халықаралық ғалымдар мен ғылыми институттармен әріптестікті дамытпақ. Қауымдастық қызметін үйлестіретін хатшылық мүше университеттер арасында ротациялық негізде жұмыс істейді, оның алғашқы базасы — Nazarbayev University.

Инклюзивтілік, ашықтық және ғылыми этика қағидаттарын басшылыққа ала отырып, CAEA өңірдегі экономикалық білім мен академиялық зерттеулердің сапасын арттыруды көздейді. Қауымдастық өңірлік және халықаралық деңгейде ынтымақтастық орнатуға, идея алмасуға және экономистер арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға арналған алаңға айналып, тиімді экономикалық саясат пен инновациялық шешімдердің қалыптасуына үлес қоспақ.