Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтергенін еске салды. Осы орайда Президент БҰҰ университетін бұл игі іске қолдау көрсетуге және ғылыми зерттеулерге белсенді түрде атсалысуға шақырды.
Болашақ туралы сөз қозғаған Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні қазіргі заманның келбетін айқындайтын шешуші күштердің бірі ретінде атады.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні пайдалануға қатысты бірқатар қауіп-қатер бар екенін де атап өтті. Оның пікірінше, технологияға тең қолжетімділіктің болмауы және оны теріс мақсатта, соның ішінде әскери салада қолдану елеулі тәуекелдерге алып келуі мүмкін.
"Біріккен Ұлттар Ұйымы кезінде ядролық қауіпсіздік пен азаматтық авиация салаларында ортақ халықаралық нормаларды қалыптастырды. Сол сияқты жасанды интеллект мәселесінде де негізгі үйлестіруші рөл атқаруға тиіс. Әлемнің жетекші технологиялық орталықтарының бірінде орналасқан жаһандық оқу орны ретінде БҰҰ университеті жасанды интеллектінің әлеуеті, қауіп-қатері және оны басқару тетіктері бойынша халықаралық зерттеулерді ілгерілетуде бірегей мүмкіндікке ие", – деді Президент.
Бұған дейін мемлекет басшысы жаһандық қауіпсіздік жүйесін ядролық қарумен ұстап тұру мүмкін емес екендігіне назар аударды.