Мемлекет басшысы Komatsu компаниясы директорлар кеңесінің төрағасымен кездесті.


Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Komatsu компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Хироюки Огаваны қабылдады.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Komatsu компаниясының Қазақстандағы тау-кен инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан сенімді әрі уақыт тезінен өткен серіктес екенін атап өтті.

Президент компанияның Астана қаласында техникаларды күрделі жөндеуге және қайта қалпына келтіруге арналған өндірістік кешен салу туралы шешімін қолдайтынын жеткізді. Бұл жоба отандық өнеркәсіптің дамуына және сервистік қызмет сапасын арттыруға ықпал етпек.

Өз кезегінде Хироюки Огава Орталық Азияны стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі әлеуеті жоғары нарық ретінде бағалады. Оның айтуынша, жаңа өндірістік кешен аймақтағы тау-кен компаниялары үшін техникаларды қысқа мерзімде әрі қолжетімді бағамен жөндейтін, жедел сервистік қызмет көрсететін ірі өңірлік хабқа айналады.


Оқи отырыңыз: Тоқаевқа Токионың Smart city тұжырымдамасы таныстырылды


Мемлекет басшысы Қазақстанның өндірісті локализациялауға, елдер арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты күшейтуге және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында озық технологияларды тартуға мүдделі екенін айтты.

Кездесу барысында кадр даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Komatsu компаниясының елімізде операторлар, механиктер мен инженерлерге арналған аймақтық оқыту орталығын ашу бастамасын қолдайтынын білдірді. Президенттің айтуынша, бұл жоба адами капиталды дамытуға және өнеркәсіптік серіктестікті тереңдетуге елеулі үлес қосады.

Айта кетейік, Komatsu — құрылыс, тау-кен, жол және индустрия салаларына арналған техника өндіретін әлемдегі ең ірі машина жасау корпорацияларының бірі.