Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздің 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасының жобасын ұсынды. Құжаттың басты мақсаты – адами капиталды дамытуға және мигранттарды сапалы іріктеуге негізделген қауіпсіз әрі басқарылатын көші-қон жүйесін қалыптастыру, деп хабарлайды Egemen.kz.


Қазіргі уақытта Үкімет қарауында жатқан Тұжырымдама үш негізгі бағыт бойынша іске асырылмақ:

1.Көші-қонды цифрлық бақылау

Жаңа жүйенің өзегі – Migration.enbek.kz платформасы болмақ. Бұл бірыңғай цифрлық жүйе Еңбек, Ішкі істер, Сыртқы істер, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің деректерін біріктіреді. Бұл интеграция мигранттардың келуінен бастап, олардың жұмысқа орналасуы мен әлеуметтік жағдайына дейінгі процестерді толық бақылауға, сондай-ақ алдағы үрдістерді дәл болжауға мүмкіндік береді.

«Бұдан басқа, enbek.kz жүйесін Ұлттық білім беру базасымен және басқа да ақпараттық ресурстармен интеграциялау жоспарлануда, бұл түлектердің, қоныс аударушылардың және мемлекеттік бағдарламаларға қатысушылардың жұмысқа орналасуы туралы мониторингті қамтамасыз етеді», делінген хабарламада.

2. Ішкі көші-қон және өңірлік тепе-теңдік

Тұжырымдама өңірлер арасындағы еңбек ресурстарының теңсіздігін жоюды көздейді. Ол үшін:

  • Еліміздің солтүстік, шығыс және орталық облыстарына қоныс аудару үшін арнайы өңірлік квоталар бөлінеді.
  • Қоныс аударушылар мен қандастар үшін жеңілдікпен кредит беру, кооперацияны дамыту және шағын бизнесті қолдау шаралары іске асырылады.

«Осы бағытты іске асыру еңбек ресурстарын оңтайлы қайта бөлуге, жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және өңірлердің демографиялық әлеуетін нығайтуға ықпал ететін болады», делінген хабарламада.

3. Сыртқы көші-қон және отандастарды қолдау

Сыртқы саясатта шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғауға басымдық беріледі. Осы мақсатта Еуропа мен Азия елдерімен екіжақты келісімдер жасасу және шетелдегі еңбек мигранттарын мониторингтеу платформасын құру жоспарланған.

Сонымен қатар, білікті шетелдік мамандар мен студенттерді тарту, сондай-ақ тарихи отанына оралған қандастарды бейімдеудің бірыңғай стандарты әзірленіп, «Ата жолы» картасы жетілдіріледі.

Министрлік Тұжырымдаманы іске асыру үшін 73 іс-шара мен 14 нысаналы индикатордан тұратын іс-қимыл жоспарын дайындады. Айта кетерлігі, құжатты қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражатты талап етпейді.