Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Токио қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі ахуалдық орталығын аралап көрді.
Аталған орталық азаматтық қорғаныс пен қаладағы қауіп-қатерлердің алдын алудың негізгі жүйесі саналады. Оның басты міндеті – қаладағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу, төтенше жағдайлар кезінде мемлекеттік органдардың іс-әрекетін үйлестіру, сондай-ақ ықтимал қатерлер мен орын алған апаттар туралы ақпараттарды талдау.
Орталықта жер сілкінісі, тайфун, су тасқыны, ірі техногендік апаттар мен лаңкестік актілер сияқты төтенше жағдайларға қатысты деректер жедел өңделеді. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде таралатын жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылға ерекше назар аударылады. Бұл бағытта тәулік бойы мониторинг жүргізетін арнайы бөлімше жұмыс істейді.
Күнделікті қызмет аясында орталық кешенді дағдарыс жағдайларын басқару жүйелерін жоспарлау және жетілдірумен, азаматтық қорғаныстың өңірлік жоспарларын әзірлеумен, оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырумен, сондай-ақ халықты құлақтандыру мен апат салдарын жоюға арналған ақпараттық жүйелерді дамытумен айналысады.