Астанадағы стоматологиялық клиникадағы кішкентай қыздың өліміне қатысты іс бойынша өткен сот отырысында айыпталушы анестезиолог өзін кінәлі деп санамайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жарыссөздер және қорытынды сөз сөйлеу кезінде айыпталушы анестезиолог өзін кінәлі деп санамайтынын және сол кезде қолынан келгеннің бәрін жасағанын мәлімдеді.

Анестезиолог Аида Жұмағалиеваның айтуынша, қыздың қан талдауы оған анестезия салуға болатынын көрсеткен, ал баланың жүрегі тоқтап қалған кезде ол оның жанынан бір елі алыстамай, қолынан келгенше көмек берген. Бірақ ол "менің қолымда емес нәрселер болғанын" жеткізді.

«Бұл — трагедия. Мен де анамын, балаларым бар. Сіздерге шын жүректен көңіл айтамын. Жүрегім ауырып тұр, бір жылдан бері сыздап келеді. Маған қатысты жасалған әділетсіздіктен де жаным сыздап барады. Маған байланысты емес жайттар болды. Ол менің қолымнан келмейтін жағдайлар.

Ата-анасының айтуынша, олар дені сау баланы алып келген.Айыптаушы тараптың айтуынша, алдыма ауырып тұрған баланы әкелген. Ал мен бұған мән берместен, өзімшілдік танытып, балаға наркоз салдым-мыс. Мен бұл менің әрекетіме қатысты қате пайым деп есептеймін.

Айқын клиникалық картина болуы керек еді. Баланың ауырып тұрғанын көрер едім. Ата-анасы бала сау болғанын айтты. Бұған дейінгі талдаулар негізінде мен балаға наркоз салдым", — дейді анестезиолог.

Сотта айтылған дәйектерді естіп, айыпталушы жылап қалды.

"Тергеу жіберген қарама-қайшылықтарды қарастырмастан, маған айып тағылылатыны хабарланды. Мен бұны әділетсіздік деп санаймын. Бұл жерде болып жатқан жайттар, қоғам быт-шытын шығарған менің беделім, өте әділетсіз", — деді көз жасына ерік берген ол.

Айыпталушы Аида Жұмағалиева өз кінәсін мойындамайтынын және өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуді жалғастыра беретінін қосты.

Бұл іс бойынша үкім 22 желтоқсанда шығады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз