Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттар сауалына берген жауабында оқушылар мен әскерилердің ас мәзіріне жылқы етін енгізу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Оның сөзінше, білім беру мекемелерінде тамақтануды ұйымдастыруға қойылатын талаптарды сәйкестендіру мақсатында ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жалпы тамақтану стандарты енгізілген.
"Стандарт екі порция көлемінде аптасына екі рет жылқы етін қосуды ұсынады. Ұйымдардағы тұтыну тәртібі, сондай-ақ тамақ өнімдерін сақтауға, дайындауға, тасымалдауға және өткізуге қойылатын талаптар сақталған жағдайда, ет тағамдарының барлық түрлерінде жылқы етін пайдалануға шектеулер көзделмеген денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның санитариялық қағидаларымен реттеледі. Осылайша, ұйымдарда тамақтануды жүзеге асыратын құрылымдар толыққанды және алуан түрлі диетаны, аймақтық азық-түлік артықшылықтарын, азық-түлік тауарларының қолжетімділігін, ұлттық дәстүрлерді және салауатты тамақтану саласындағы халықаралық ұсыныстарды ескере отырып, мәзірді дербес қалыптастыру құқығына ие", — дейді ол.
Сонымен бірге ол Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері жылқы етін әскери қызметшілердің рационына қосу мәселесін қолдайтынын және оның жоғары биологиялық құндылығын және жеке құрамның физикалық жағдайына ықтимал оң әсерін атап өтетінін жазады.
"Тиісті шешім қабылдау кешенді ғылыми зерттеулер жүргізуді талап етеді. Объективті деректерді алу мақсатында макро — және микроэлементтердің, биологиялық белсенді заттардың құрамын, калориялылығын, тағамдық құндылығын, сіңімділігін, витаминдер мен минералдардың құрамын бағалау, тұтынудың оңтайлы нормаларын айқындау үшін Қазақ тамақтану академиясының қорытындысы қажет.
Аталған зерттеулердің нәтижелері жылқы етін әскери қызметшілердің рационына енгізудің ұсынылатын көлемін негізді анықтауға, оның физикалық төзімділікке және жоғары жүктемелерге бейімделуіне әсерін бағалауға, әскери бөлімдер жағдайында өнімді сақтау мен дайындаудың технологиялық регламенттерін әзірлеуге мүмкіндік береді. Тиісті мәселелерді әскери ведомстволар белгіленген тәртіппен пысықтайтын болады", — делінген жауапта.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз