Қазақстанда оқушылардың рационына жылқы етін аптасына екі рет, екі порциядан енгізу ұсынылды. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.


Құжатқа сәйкес, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап елде білім беру ұйымдары үшін бірыңғай тамақтану стандарты енгізілді. Оны әзірлеу кезінде салауатты рацион қалыптастыруға арналған халықаралық тәсілдер мен семіздік, қант диабеті және жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін азайтуға бағытталған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары ескерілген.

Стандартта көкөністер мен жемістердің үлесін арттыру, тұзы мен қанты көп өнімдерді алып тастау, сондай-ақ тәтті сусындардан бас тартып, олардың орнына су, сүт және қышқыл сүт өнімдерін пайдалану көзделген. Сонымен қатар құжатта мектеп мәзіріне жылқы етін аптасына екі рет қосу ұсынысы бар.

Санитарлық талаптар сақталған жағдайда, жылқы етін ет тағамдарының барлық түрінде пайдалануға шектеу қойылмайды. Ал нақты мәзірді білім беру ұйымдары өңірлік тағамдық талғамдарды, ұлттық дәстүрлерді және өнімдердің қолжетімділігін ескере отырып, өз бетінше қалыптастыра алады.

Сондай-ақ жауапта жылқы етін әскери қызметшілердің рационына енгізу мәселесін Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері қолдайтыны айтылған. Алайда түпкілікті шешім кешенді ғылыми зерттеулер жүргізіліп, Қазақ тағамтану академиясының қорытындысы алынғаннан кейін ғана қабылданады.

Бұдан бөлек, 2024–2025 жылдары әлеуметтік мекемелер жылқы етін жеткізуге жалпы сомасы шамамен 250 млн теңгені құрайтын 180-ге жуық келісімшарт жасасқаны хабарланды. Бұл оның мемлекеттік сатып алу жүйесінде қолданылып жүргенін көрсетеді.

Үкіметте аталған шаралар жылқы шаруашылығын дамытуға, отандық өндірушілерді қолдауға және мемлекеттік мекемелерде теңгерімді әрі пайдалы тамақтануды қалыптастыруға бағытталғаны атап өтілді.