Түркістан облысында оқушы көз жұмды. Марқұмның анасы оны біреу қылқындырып өлтірген деп мәлімдеп отыр. Алайда құзырлы органдар оқушы кісі қолынан қайтыс болғанын жоққа шығарды , деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Баланың өлімі туралы ақпарат "Письма президенту" Telegram-арнасында жарияланды.
"Жайт сабақ үстінде болған. Оны сыныптасы қылқындырып өлтірген. Оған себеп — мобильді телефон. Ол кезде балалар сыныпта өздері ғана болған. Мұғалім болмаған. Кезекші педагог айқайды естіп, есікті ашқан", — делінген хабарламада.
Сондай-ақ баланың анасы мұғалім бала есінен танып қалғанын естіп, кетіп қалғанын да айтып отыр.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі KAZ.NUR тілшісіне аталған жайт бойынша пікір білдірді. Ведомство дерегінше, Қазығұрт ауданында 2025 жылғы 7 ақпанда кәмелетке толмаған баланың өлімі фактісі бойынша "Балалар өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісті атқармау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Тергеу мектеп оқушысының өлімі денсаулығының күрт нашарлауы салдарынан болғанын анықтады. Медициналық мекемеге бара жатқан жолда ол көз жұмған", — делінген хабарламада.
Тергеу аясында куәгерлер, ұстаздар тергеліп, зардап шеккендердің барлық уәжі тыңдалып, тәркіленген бейнежазбалар зерттеліп, бірқатар қажетті сараптама тағайындалды.
"Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің өлімі тыныс алу жолдарын жауып тұрған тілдің көмейге түсуінен туындаған асфиксия салдарынан болған. Өлімнің кісі қолынан болғаны туралы белгілер, оның ішінде ұру іздері, қылқындыру белгілері анықталмады", — деді полиция өкілдері.
Тергеу нәтижелеріне сай өлімнің криминалды сипаты анықталмағаны және қылмыстық іс қылмыстық құқықбұзушылықтың болмауы себепті жабылғаны айтылған.
Одан бөлек ведомство өкілдері қабылданған шешімнің заңдылығын прокурор тексеріп, істі жабу туралы қаулыны бекіткенін де атап өтті.
"Оған қоса әкімдікке оқиғалар мен құқықбұзушылықтарға себеп болған жайттарды жою туралы ұсыныс тасталып, оны қарау нәтижесі бойынша мектеп директоры мен бес педагог жұмыстан шығарылған", — деді ведомство баспасөз қызметі.