Мемлекет басшысы мен Италия Премьер-министрі елорда әуежайында аз-кем әңгімелесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев айтуынша, Италия Премьер-министрмен алдағы келіссөздер екіжақты қарым-қатынастарымызға тың серпін беруде маңызды.

"Қазақстанда қарсы алу – біз үшін үлкен мәртебе. Алдағы келіссөздер екіжақты қарым-қатынастарымызға тың серпін беруде маңызды, тіпті, шешуші рөл атқаратынына сенімдімін. Италия – Қазақстанның Еуропадағы жетекші сауда серіктестерінің бірі. Кешелі-бүгін Астанада Италия бизнесінің көптеген өкілінің қатысуымен бизнес-форум өтті. Екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды дамытуға қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз", — деді Тоқаев.

Ал Джорджа Мелони Қазақстанға алғаш рет келіп отырғанын және өте қуанышты екенін жеткізді.

"Өзіңіз айтқандай, екі елдің қарым-қатынасы өте жақсы. Алайда бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге әрдайым мүмкіндік бар. Біз Қазақстанды Италияның, сондай-ақ Еуропаның маңызды серіктесі ретінде қарастырамыз. Сонымен қатар қазіргі кезде Орталық Азия өңірі стратегиялық мәнге ие болды. Мемлекеттер басшылары деңгейінде бірінші "Италия – Орталық Азия" саммитін ұйымдастырғаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Бұл басқосу аймақпен қарым-қатынасымыздағы тарихи сәт болады деп ойлаймын. Қазіргі сындарлы кезеңде біз үшін барлық деңгейде ынтымақтастық орнату өте өзекті", — деді ол.

Еске салайық, бүгін, 2025 жылғы 29 мамырда Астанаға Италия премьер-министрі Джорджа Мелони келді.