Туыстарының туған күніне, қайтыс болған отбасыға батаға деп аударылған қаражат Кірістер комитетінің назарына ілікпейді. Қаржы министрлігі жаңа жылдан бастап мобильді аударымдардың жіті тексерілетінін қазақстандықтардың есіне тағы бір салды, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Жеке адамның шотына қатарынан үш ай бойы әр түрлі тұлғадан 100 рет ақша түссе және оның көлемі 1 миллион теңгеден асса, жасырын кәсіпкерлік қызмет белгісі бар ретінде қарастырылмақ. Бірақ, мәселен, қаңтар айында бір ай ішінде 100 аударым келіп түсіп, ақпан айында түсім легі күрт азайса, сәйкесінше, тексеріс те тоқтайды.

Сондай-ақ салықшылар әлеуметтік желіде мобильдік аударымның тексерісіне қатысты жұртты шулатып, теріс ақпар таратып жүргендерге қатаң жаза қолданылатынын ескертті. Әсіресе "жеке азаматтардың шоты бұғатталады, қала берді, сотталады" деген жалған мәлімет айтқандардың ізіне құзырлы органдар қазірден түскен. Себебі бірден шектеу шарасы ешкімге қолданылмайды, міндетті түрде ескерту, алдын алу сияқты түсіндірме жұмысы жүргізіледі, дейді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

"Біріншіден, үш ай қатарынан болу керек. Түсім 100 адамнан әр ай сайын болып тұру керек және үш айдың қорытындысы бойынша сома 1 миллион теңгеден асуы керек. Егер 10 миллион теңгені алсақ, жеке азамат өз шотына 5 миллион, болмаса бір-екі адамнан түссе, онда ол адамдар тексеруге түспейді немесе қаңтар айында алып, ақпан айында алмай, жарты жыл ішінде әр түрлі айда алатын болса, онда ол да тексеруге түспейді", — дейді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Дереккөз: "КТК" арнасы

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз