Алматының экологиясын жақсарту мақсатында 2026 жылдың соңына дейін ЖЭО-2 табиғи газға ауыстырылады. Сонымен қатар ЖЭО-3 бу-газ технологиясына көшіріліп, жаңғыртылады. Бұл туралы ОҚК алаңындағы брифингте қала әкімі Дархан Сатыбалды айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Алматы әкімі ,журналистерге қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында қабылданатын шаралар туралы мәлімет берді.
Айтуынша, 2026 жылдың соңына дейін ЖЭО-2-ні табиғи газға ауыстыру жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар ЖЭО-3-ті бу-газ технологиясына көшіру арқылы жаңғырту жүзеге асырылуда. Бұл жылу көздерінен тараған түтінің 92 пайызға азаюына мүмкіндік береді. Бұдан бөлек 2027 жылға қарай жеке секторды газбен 100 пайыз қамту, ал 2028 жылға қарай қалалық маршруттарды экологиялық таза қоғамдық көлікке көшіру жоспарланып отыр.
"Біз қалдықтарды көму тәжірибесінен бас тартып, оларды терең өңдеу және энергетикалық кәдеге жарату арқылы қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіреміз. Қуаттылығы жылына шамамен 80 мың тонна пластик және қуаттылығы 150 мың тонна макулатура өңдейтін зауыттар салынады. Қайта өңдеуге жатпайтын қалдықтар жағуға жіберіледі. Ол үшін тәулігіне 2 мың тонна қоқыс өртейтін зауыт салу жоспарланған", — деді спикер.
Оның айтуынша, бұл 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге жарату үлесін қазіргі 17,3 пайыздан 37 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз