Әлеуметтік желілерде Астана – Алматы бағыты бойынша ұшуы тиіс болған, бірақ ұзақ уақыт әуеге көтеріле алмаған ұшақтың бортында түсірілген бейнелер тарады. Ұшақ командирінің кешігудің себебін түсіндіруі жолаушылар арасында да, интернет қолданушылары арасында да екіұшты пікір туғызды.


Видеодағы ақпарға сүйенсек, ұшақ 16 желтоқсанда сағат 19:05-те Астанадан Алматыға ұшуы керек болған. Алайда 17 желтоқсанда таңсәріге дейін әуе кемесі ұшып шықпаған.

Жолаушылардың айтуынша, қозғалтқыш іске қосылмаған, бір сәтте салондағы жарық толықтай өшіп қалған. Олар экипаж ұшақты "сыртқы қуат көздері арқылы" іске қосуға тырысқанын, содан кейін рейсті жалғастыруды жоспарлағанын айтады.

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеода капитан ұшақтар кейде техникалық ақаулармен де ұша береді деп мойындағандай көрінеді.

"Маған сеніңіздер, мен құрылғы істемей тұрған жағдайда да бірнеше рет ұшқанмын. (…) Бұл – қалыпты жағдай. Барлығының міндетті түрде жұмыс істеуі шарт емес", – деген ұшқыш.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Сетевое издание "ZTB.KZ" (@ztb_kz)

Сонымен қатар жолаушыларға дерлік ешқандай нақты түсініктеме берілмегені, адамдардың екі сағаттан астам уақыт бойы тамақ пен сусыз салонда күткендері айтылған.

Осы жағдайға байланысты FlyArystan әуе компаниясының баспасөз қызметі түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, FS7058 рейсі 16 желтоқсан күні жергілікті уақытпен 19:05-те ұшуы тиіс болған, алайда сағат 20:43-те ұшақта қосалқы қуат қондырғысының техникалық ақауы анықталып, борт тұраққа қайтарылған. Аталмыш құрылғы жер үстінде тұрған кезде ұшақтың кондиционерленуіне, электрмен қамтылуына және қозғалтқыштарды іске қосуға жауап береді. Күту кезеңінде жолаушыларға сусындар ұсынылды. Сағат 23:05-те ұшақты қалпына келтіріп, мұздан тазалау (деайсинг) рәсімі жүргізілді. Алайда сағат 00:19-да құрылғының қайта сөнуіне байланысты әуе кемесі тағы да тұраққа оралды.

"Жолаушылардың бір бөлігі ұшудан бас тартты. Барлық жолаушылар түсірілгеннен кейін оларға ыстық тамақ беріліп, орын болған жағдайда ең жақын рейске бір рет тегін қайта брондау немесе билет құнын толық қайтару мүмкіндігі ұсынылды", – делінген авиакомпанияның анықтамасында.

FlyArystan өкілдері мұндай техникалық ақаулар әуе кемелерінің күнделікті пайдалану барысында, әсіресе күзгі-қысқы кезеңде, ауа температурасы төмендеген кезде туындауы мүмкін екенін де атап өтті.

"Қосалқы қуат қондырғысы ұшақтың әуедегі басқарылуына әсер етпейді, алайда жердегі процедуралар үшін өте маңызды элемент болып табылады. Ол дұрыс жұмыс істемеген жағдайда рейсті орындауға болмайды. Ақаулы құрылғымен ұшуға минималды жабдықтар тізіміне сәйкес рұқсат етіледі. Дегенмен, рейсті орындау үшін басқа әуе кемесін пайдалану туралы шешім қабылданды. FS7058 рейсі 17 желтоқсанда сағат 04:21-де ұшып шықты. Ұшу қауіпсіздігі – FlyArystan үшін сөзсіз басымдық. Кез келген техникалық ауытқу анықталған жағдайда, әуе компаниясы ақау толық жойылмайынша ұшақтың ұшуына жол бермейді немесе әуе кемесін ауыстыру туралы шешім қабылдайды", – деп қорытындылады авиакомпания.

Бұған дейін 17 желтоқсанда таңертең Алматы – Астана бағыты бойынша ұшқан әуе кемесі MAY-DAY апаттық белгісін бергенін жазғанбыз.