Тыныс — ұлттың үні
Бөлімдер
Хабарламалар

Алматыдан Астана бағыт алған Air Astana ұшағында апаттық сигнал берілді

Алматыдан Астана бағыт алған Air Astana әуекомпаниясының ұшағы салонда түтін шығуына байланысты апаттық сигнал берді, деп хабарлайды Көлік министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы 17 желтоқсанда сағат 07:38-де (Астана уақыты бойынша) Алматы – Астана бағыты бойынша КС-851 тұрақты жолаушылар рейсін орындау барысында “Эйр Астана” АҚ-ның пайдалануындағы Airbus A321N EI-KDG әуе кемесінде авиациялық оқиға болды.

“Қазаэронавигация” РМК Әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығы ұсынған ақпаратқа сәйкес, әуе кемесінің салонында түтін пайда болуына байланысты экипаж MAY-DAY апаттық сигналын жариялаған.

Алдын ала мәліметтер бойынша жолаушылар мен экипаж мүшелері арасында зардап шеккендер жоқ.

Қону сағат 07:40-та жүзеге асырылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласы әуежайының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметі жұмылдырылды”, — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Көліктегі оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері авиациялық оқиғаның мән-жайын нақтылап анықтып жатыр.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз