Қазақстанда ЖИ-құралдары инсульт пен обырды ерте диагностикалауға көмектеседі, деп хабарлайды Zakon.kz.


ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде сарапшылар қолдану бағыттары, жетілу деңгейі және клиникалық маңыздылығы бойынша жіктелген 50-ден астам MedTech шешімдерін талдады.

Жобалардың негізгі бөлігі диагностиканы, оңалтуды жақсартуға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және медициналық ақпаратты өңдеуге бағытталған.

"Инсульт, өкпе және сүт безі обырын ерте диагностикалау, сондай-ақ стоматологиялық суреттерді талдау саласындағы басым ЖИ-жобалардың тізбесі қалыптастырылды. Бұл шешімдер қазірдің өзінде әртүрлі өңірлердегі медициналық ұйымдарда енгізіліп, кеңейтілуде",- делінген ақпаратта.

Осылайша, медициналық қызметтердің сапасын талдау және басқару, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау, сондай-ақ созылмалы жүрек жеткіліксіздігін ерте анықтау үшін ЖИ-құралдарын енгізу жоспарлануда.