Аты аңызға айналған әнші, қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова бүгін 96 жасқа толды. Әншінің туған күні 16 желтоқсан Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген. Халық әртісі мұны үлкен бақыт санайды, деп хабарлайды 24KZ телеарнасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Бибігүл Төлегенова өзі үшін Тәуелсіздік күні ең қастерлі мереке екенін, мерекеде қос бірдей қуанышқа кенелетінін айтады.

Осы орайда әнші қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

"Еліміз аман болсын! Тыныштық болып, аспанымыз ашық болып, іштегі даудан сырттағы жаудан сақтасын. Қашан да алдымызға қойған мақсаттардың бәрі табысты, абыройлы болып, орындалып, жолымызға гүл бітсін, нұр бітсін. Мерекеміз құтты болсын!" — деді Бибігүл Төлегенова.

Бибігүл Ахметқызы 1929 жылы 16 желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келген. Әлі күнге дейін 2-3 айда бір рет өзі оқыған консерваторияға барып, жас таланттарды тыңдап, бағыт-бағдар беріп қайтатын көрінеді.

Әнші жастарға білген-түйгенді айтып, тәлім-тәрбие беру үшін адам баласы өзінің мамандығын жақсы білуі керек дейді.

"Мен микрофонмен ән айтатын әнші емеспін. Кәсіби әншімін. Далада, егіншілердің арасы, бұзау қорасы болсын, сиыр қорасын болсын, концерттік залдарымыз сол болды. Ол жерде микрофон да жоқ, ештеңе жоқ. Аккордионист, баянистпен бірге тұрып солар сүйемелдей білетін шығармаларды айтып, сол елдің алдына шығып елге өзімнің өнерімді көрсететінмін", — дейді халық әртісі.

Бүгінде Бибігүл Төлегенованың орындауындағы "Қараторғай", "Қызқарағай", "Інжу-маржан", "Қазақ вальсі", "Тақиялы періште" фильміндегі "Мама" сияқты шығармалар қазақ өнерінің алтын қорында сақтаулы. Біртуар әншінің ән қоржынында әлемдік музыка жауһарлары, романстар мен ариялар көптеп енген. Ол кино өнерінде де өзіндік із қалдырды.

Күміс көмей әнші – КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек ері. Ұлттық өнерге қосқан ерекше үлесі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталған. ЮНЕСКО ұйымы оны 20-ғасырдағы әйгілі әйелдердің қатарына қосқан.

70 жылға жуық сахнаның сәнін келтірген ғибратты ғұмыр иесі десе де халықтың алғысынан артық марапат жоқ екенін айтты.

"Халықтың көңілінен шықсаң, одан артық ештеңе жоқ. Қандай атағың болсын, лауазымың болсын, халық сені сүймесе, түсінбесе, барлығы бір тиын", — деді Бибігүл Төлегенова.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз