Үкімет жұмысының 2025 жылғы қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов электр энергиясын өндірудің айтарлықтай өсуі және қуаттарды одан әрі арттыру жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Оның айтуынша, 2000 жылдардың басында Қазақстанда электр энергиясын өндіру жылына шамамен 50 млрд кВт/сағ құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 117,9 млрд кВт/сағ жетті, ал осы жылы шамамен 122 млрд кВт/сағ өндіру жоспарланған. Осылайша, елімізде 25 жыл ішінде электр энергиясын тұтыну 2,5 есеге өсті.
Энергетика министрлігі қуаттарды арттыру және электр қуатын өндіруді ұлғайту бойынша нақты жоспар әзірледі. 2035 жылға дейін электр энергиясын өндіру көлемін іс жүзінде екі есеге арттыра отырып, жаңа қуаттарды енгізу және қолданыстағы қуатты жалпы 26,4 ГВт-қа реконструкциялау жоспарлануда.
Ерлан Ақкенженов тұтынудың өсуі технологиялық ілгерілеуге байланысты екенін атап өтті.
Үдеріс бір орында тұрмайды. Бүгінде елімізде екі суперкомпьютер жұмыс істейді — AlemAI және AI Farabium. Жасанды интеллект, суперкомпьютерлер дамуы, деректер орталықтарының құрылысы және өнеркәсіптік өндірістің өсуі нәтижесінде электр энергиясын тұтыну көлемі сөзсіз артады.
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қойған міндетке сәйкес қазіргі заманғы және экологиялық таза технологияларды қолдана отырып, көмір генерациясын дамыту жалғастырылады.
Жақында Павлодар облысы, Екібастұз қаласының маңында салынатын қуаты 2 600 МВт ГРЭС-3 заманауи станса құрылысына конкурс өткізілді, онда қазірдің өзінде екі ірі электр стансасы жұмыс істейді. Жаңа ГРЭС-тің бір бөлігі маневрлік генерациямен жабдықталады — заманауи технологиялар мұндай шешімдерді көмір стансаларында да тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскеменде үш ЖЭО салу жоспарлануда", — деп атап өтті министр.
Сонымен қатар газ генерациясында жобалар жүзеге асырылуда. Шымкентте қуаты 1 000 МВт бу-газ қондырғысының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар биыл Мемлекет басшысы жалпы қуаты 270 МВт болатын үш "Түркістан" бу-газ қондырғысы блогын іске қосуға қатысты. Бұл маневрлік генерациялау нысандары электр жүйесін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Бұл жобалардың барлығы ұлттық энергия жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, Қазақстанның мақсаты — 2035 жылға қарай электр энергиясын өндіруді екі есеге арттыру", — деп қорытындылады сөзін Ерлан Ақкенженов.