Алматыдағы Желтоқсан көшесінде жаңа BRT желісі іске қосылды. Осыған байланысты аталған учаскеде полиция нарядтары патрульдеуді күшейтті, деп хабарлайды, қалалық ПД-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Полицияның мәліметінше, желіні пайдаланудың бастапқы кезеңінде негізгі назар профилактикалық және түсіндіру жұмыстарына бағытталған.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерге жол қозғалысын ұйымдастырудағы өзгерістерді түсіндіріп, жаңа жол таңбалары мен белгілер бойынша бағдар беріп, сондай-ақ қозғалыстың жаңа тәртібіне бейімделуге көмектескен.
"Бейімделу кезеңі аяқталғаннан кейін жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілерге қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылдана бастайды. Әсіресе қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтарда көлік құралдарын тоқтату және қою, сондай-ақ жеке автокөліктердің BRT жолағына шығу фактілеріне ерекше назар аударылады. Құқық бұзушылықтар полиция нарядтарымен қатар фото және бейнебақылау құралдары арқылы да тіркелетін болады", — деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев.
Алматы қаласының полициясы жүргізушілерді жол қозғалысына жауапкершілікпен қарап, тәртіп пен өзара құрметті сақтауға, жол қозғалысы ережелерін қатаң орындауға және қоғамдық көліктің қозғалысына кедергі келтірмеуге шақырады.
"Жол ережелерін сақтау – жолдағы қауіпсіздіктің, қоғамдық көліктің үздіксіз жұмысының және қала тұрғындарының жайлылығының басты кепілі", — делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз