Оралда АИТВ жұқтырғандар көбейген. Жыл басынан бері 61 адамнан осы дерттің белгісі табылды. Бұл былтырғыдан 8 адамға көп, деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Айықпас ауру жұқтырғандардың ішінде, тіпті зейнетке шыққан қариялар мен әскерилер де бар. Алыс ауылдардың тұрғындарынан да АИТВ анықталыпты.

Олар көрсеткіштің көбеюін кеселді тексеру және анықтау жұмыстарының жолға қойылғанымен түсіндіреді. Науқастардың дені – 20-40 жас аралығындағы азаматтар. Аурудың инемен таралуы азайғанымен, жыныстық жолмен жұқтыру дерегі көбейген.

"Қаншама түсініктеме жұмысы жүргізіліп жатыр, бірақ жастар соған қарамастан, бәрібір жұқтырады. Олармен әңгімелесіп сұраймыз: "АИТВ, ЖИТС туралы естіген шығарсың" десек, олар "естідік, жұғу жолдарын білеміз" дейді. "Сонда сіз неге осындай жағдаймен келдіңіз" дегенде, "ол жағдайға біз түспейміз деп ойлайдық" деп жауап береді", — дейді БҚО АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы директорының орынбасары Алмагүл Мантакова.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз