Алматыда полиция мектепке бағытталған қорқыту жазбасын жазған жасөспірімді анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.


10 желтоқсанда Алматы полиция департаментіне білім беру мекемесіне бағытталған қауіпті жазба туралы хабарлама түсті.

Әлеуметтік желідегі белгісіз аккаунтта қару бейнесімен қатар мектептерге қатысты зорлық-зомбылыққа шақыратын қорқыту сипатындағы жазба жарияланған.

Алматы полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар жүргізіп, қажетті тексеру жұмыстарын жүзеге асырды. Қысқа уақыт ішінде жазба авторы анықталды — Наурызбай ауданындағы №207 мектептің 8-сынып оқушысы болып шықты.

Жасөспірім полицияға жеткізіліп, оның әрекетінің салдары мен заңдық жауапкершілігі жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар кәмелетке толмаған баланың ата-анасы өз тәрбиелік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылды.

"Полицияның ұстанымы айқын, кез келген қауіп мазмұндағы жазба дереу және қатаң түрде тоқтатылады. Бұл жай ойын немесе ескерту емес. Мұндай ақпарат қоғамда алаңдаушылық тудырып, жедел қызметтердің ресурсын бұрып, қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін. Жауапты тұлғалар жасы мен уәжіне қарамастан анықталып, заң бойынша жауапкершілікке тартылады. Біз ата-аналарды балалардың мінез-құлқын, интернеттегі әрекеттерін және әлеуметтік ортасын қадағалауға ерекше мән беруге шақырамыз". Алматы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқарма бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев

Қазіргі уақытта полиция азаматтарды күмәнді жазбаларды бірден хабарлауға үндейді және жасөспірімдер арасында цифрлық қауіпсіздік пен интернеттегі жауапкершілік бойынша жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.