Астана қаласында Сарыарқа аудандық криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрлық жасаған 40 жастағы такси жүргізушісін қолға түсірді.
Тергеу деректеріне сәйкес, мас күйінде үйіне жеткізген жолаушы таксиде куртесін ұмытып кеткен.
Күдікті жолаушының бейғамдығын пайдаланып, куртесін жасырын түрде алып қойған. Киімнің қалтасынан үйдің кілтін тапқан ол келесі күні жәбірленушінің үйінде ешкім жоқтығына көз жеткізіп, пәтерге заңсыз кірген.
Пәтерден Samsung ноутбугы пен "Алиса" смарт-динамигін ұрлап, кейін оларды сатып жіберген. Оның әрекеті салдарынан жәбірленушіге шамамен 130 мың теңге көлемінде материалдық шығын келген. Күдікті кінәсін толық мойындады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, қажетті тергеу шаралары жүргізілуде. Полиция азаматтарды жеке заттарына мұқият болуға, сондай-ақ күмәнді жағдайларды байқаса, дереу "102" нөміріне хабарлауға шақырады.