Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Мәскеуде өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) отырысына қатысып, бірқатар негізгі интеграциялық және экономикалық мәселелерді талқылады.
Кеңесте көтерілген мәселелер
Шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарда сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, энергетика, цифрлық технологиялар және кеден саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері сөз болды.
Жиынға Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Премьер-министрі Александр Турчин, Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиев, Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов, сондай-ақ онлайн форматта Куба Премьер-министрі Мануэль Марреро Крус қатысты. Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев та отырысқа қатысушылар қатарында болды.
Интеграция бағыттары мен өзара іс-қимыл
Кеңес мүшелері 2024 жылғы бірлескен жұмыс нәтижелерін қорытындылап, 2026 жылға арналған ЕАЭО шеңберіндегі интеграция мен серіктестіктің басым бағыттарын талқылады. Мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты арттыру, кедендік бақылау тетіктерін жетілдіру, электронды сауда мен тауарларды таңбалау жүйесін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Өз сөзінде Премьер-министр Олжас Бектенов экономиканың негізгі салаларында оң серпін берген интеграциялық жұмыстардың нақты нәтижелерін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ЕАЭО туралы шартты толық орындау және үшінші елдермен экономикалық әріптестікті кеңейту қажеттігі туралы тапсырмасын жеткізді.